Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | Дәстүрлі өнеріміз жеке отау тікті

01.09.2016

Дәстүрлі өнеріміз жеке отау тікті

14045180_561968837261597_2107342352_o

       Өнерсүйер қауым үшін бөркімізді аспанға атып, сүйіншілейтін жағымды жаңалық бар. Алматының Алатау ауданында «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ашылу салтанаты өтті. Бұған дейін дәстүрлі өнердің, күй мен жырдың, айтыс пен терменің биік мінберден көрінбей, көлеңкеде қалып келе жатқандығы талайдың көңіліне кірбің түсіріп жүрген еді. Осы олқылықтың орнын толтырып, өмірлік қажеттіліктен өмірге келген мәдени ошақ – «Алатау» дәстүрлі өнер театры өз көрерменіне есігін айқара ашты.

      Мәдениет үйінің алыстан менмұндалап тұрған атауын көргенде-ақ кең тыныстап, бір рахат сезімге бөленесің. Әсем қала Алматының тарихында оңаша отау құрып, еңсесін тіктеген дәстүрлі өнер театрының ашылу салтанатына Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қатысып, құттықтау сөзін жеткізді.
         «Қазақ мәдениеті қайраткерлерінің бірнеше буыны әсем қаламызда өмір сүріп, өздерінің өлмес туындыларын дүниеге әкелді. Міне, осындай мәдениет пен өнердің киелі орталығы, дәстүрлі шығармашылықтың қасиетті шаңырағы, оңаша отауы болуы тиіс еді. «Алатау» дәстүрлі өнер театрын исі қазақ үшін аса маңызды ән, жыр-терме, күй, айтыс және ұлттық кино сияқты айтулы бес бағытта қызмет ететін, осы сала майталмандарының басын құрайтын шаңырақ болады деп үміттемін» деді Б.Байбек.
          Алатау ауданы әкімдігі жанынан құрыл­ған «Алатау» ардагерлер ансамблінің аналар тобы шашу шашып, қазақтың салт-дәстүрін жаңғыртса, «Сазген сазы», «Арнау» фольклорлық-этнографиялық ансамблдері, Рамазан Стамғазиев, Нұржан Жанпейісов, Сәуле Жанпейісова, Айгүл Қосанова, Ұлжан Байбосынова, Жанқожа Аяпов, Талғат Мұқышев және т.б. өнерпаздардың өнеріне жұртшылық ұзақ қол соғып, қошемет көрсетті. Белгілі айтыскер ақын Қалижан Білдашов арнау айтып, Мұхтар Ниязов пен Аспанбек Шұғатаев айтыс өнерінің бағамын көрсетті.
       Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдығы аясында ашылып отырған салтанатты шара барысында Ықылас Дүкенұлы атындағы музыкалық халық аспаптары мұражайы мен «Шертер» ұлттық саз аспаптар компаниясының қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды.
      Игі шараға дәстүрлі өнерді құрмет тұтатын, қадірлейтін, қазақ өнерінің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген ел жанашырлары, мә­дениет және өнер қайраткерлері, БАҚ өкілдері қатысты.
         Болашақта халықтың көзайымына айналған театрда игі іс жалғасын тауып, «Алатау» дәстүрлі өнер театры – қазақ өнерінің қара шаңырағына қазық болып қадалып, қазақтың қаймақтары жиналатын ордалы мекенге айналатынына сенім мол. Ұлттығымызды ұлықтайтын, салт-дәстүрімізді төрге оздыратын, иі қанған өнерімізді биікке шығарып әлемге танытатын ұрпақтар сабақтастығының жалғасы болғай!

         http://anatili.kazgazeta.kz/?p=38655

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті