Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | «Гүлстан» бақтары «Абай бағымен» толықты

19.09.2016

«Гүлстан» бақтары «Абай бағымен» толықты

     Қазақтың бас ақынының атында бүгінгі күнге дейін елімізде тек Шымкент қаласында ғана жалғыз мәдениет және демалыс саябағы бар еді. Ал 1990 жылдардың басында Абай есімін иеленген Ақтөбедегі саябақ кейін ҚР Тұңғыш Президенті саябағы атанып кеткен болатын. Енді Алматы облысының Кербұлақ ауданындағы Нұрым орта мектебінде «Абай бағы» ашылып отыр.

       

      Әдетте көпшілік қауым ұлт қайраткерлерінің атындағы көше, кітапхана, мектеп және тағы басқа да мәдениет ошақтарын еліміздің түкпір-түкпірінен көріп жүр. Ал бір сәт көліктің у-шуынан алысырақ жерде күннің ыстығы мен қыстың аязынан, желдің өтінен қорғап,  шаршағанда деміңді басып, сейіл құрып қайтатын саябақтар ілуде-бір кездеседі. Барының өзі ел мен жердің қамын жеп, күллі Алаштың мұңын жеген қайраткердің емес, көбіне-көп өзге халықтың өкілдерінің атын иеленген. Тіпті бүгінгі таңда есімі Қазақстан ғана емес, алыс-жақын шет елдерде ілтипатпен аталып, ұлттың ұлы қайраткері ретінде бүкіл қазақтың даңқын асырып, мерейін үстем етіп жүрген Абай Құнанбайұлы сияқты әйгілі тұлғаның атындағы саябақ мемлекеттің бас қаласы – Астана мен мәдениет, ғылым-білім ордасы – Алматының  өзінде әлі күнге болмауы ешкімді алаңдатпайды.          

       Тіпті «Гүлстан» республикалық ғылыми-танымдық, көпшілік журналы мен «Гүлзар» қоғамдық бірлестігі 2015 жылы Абайдың 170 жылдығына 170 емен отырғызу идеясын көтерген кезде де бастаманы іліп әкеткен қолдаушылар табыла қойған жоқ. Бастапқы кезде бұл жұмысты Абайдың туып-өскен мекенінен бастауды жоспарлаған бастамашылар ол жерден тауы жығылып қайтқан соң, оны өз күшімен Алматы облысындағы шағын ауылдан жүзеге асыруға мәжбүр   болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді.        

      Бұған дейін бұл өңірде гүлстандықтар 2011 жылы Қарайғайлы бақ (2 га), Көктерек бағы (7 га), 2013 жыл ҚР Халық артисі Нұрғали Нүсіпжановтың құрметіне алма бағын (5 га), 2015 жылы «Батыр ана» (10 га) саябағының ресми ашылу рәсімдерін өткізген еді. Сондай-ақ 2011-2013 жылдары Кербұлақ ауданының Басши ауылындағы Райымбек атындағы, Нұрым және Аралтөбе ауылдарындағы орта мектептердің ауласы жасыл желекке бөленіп,  әртүрлі гүлдермен көмкерілген болатын. Енді міне олардың қатарына көптен күткен «Абай бағы»  (2 га) қосылып отыр. Нұрым ауылындағы орта мектептің жаңа ғимараты ауласындағы бұл баққа былтыр қазан айында 170 түп емен егілген еді. Биыл енді тағы 100 түп көпжылдық бұталар егілді. Оны Алматыдан келген құрметті қонақтар арнайы әзірленген орындарға мектеп оқушыларымен бірлесіп жүзеге асырды. Балалар бұрын есімдерін газет-журнардар мен кітаптан оқып, дауысын радиодан тыңдап, бейнесін телеарналардан көріп жүрген аға-әпкелерімен бірге ағаш еккеніне ерекше қуанып, өз міндеттерін үлкен жауапкершілікпен атқарды.          

    Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Оразақын Асқар: «Мені ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысатын Алматы күнінде өлең оқуға шақырған еді. Алайда сіздермен  жүздестіріп отырған бүгінгі шараға қатысуды жөн көрдім. Жас кезімнен бастап сіздер сияқты Абайды жаттап өстім. Абайды бір кісідей білем ғой, Елбасы қатысқан Алматының мыңжылдығына шақырып отыр ғой сонда барғаным жөн шығар деуге болар еді. Алайда екеуін салыстырып, 81 жаста болсам да бас ақынымыз атындағы «Абай бағының» ашылуына қатысуды жөн көрдім. Өйткені бұл тарихи жағдай. Абайға және Алматының мыңжылдығына арналған өлеңдерімді енді осында сіздерге оқып берейін», – деген кезде жиналған жұрттың қошемет көрсетіп, соққан шапалағы дүркірей естілді.      

     Достық пен өзара сыйластыққа негізделген бұл шарадан кейін оқушылар қонақтармен жақынырақ танысып, бір-бірімен хабарласып тұруға уәделесіп, өздерінің отырғызған ағаштарының тағдырына бей-жай қарамайтындарын жеткізді. «Ештен кеш жақсы» дегендей енді бұл бастама Қазақстанның түкпір-түкпірінен өз жалғасын тауып жатса қанеки.

        Ерлік Ержанұлы

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті