Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | «Аққу деген атқа лайық болсам деп өмір сүрдім»

03.10.2016

«Аққу деген атқа лайық болсам деп өмір сүрдім»

 

      Қазақ халқының «Жыр аққуы» атанған ерке ақын қызы Марфуға Айтқожина 80 жылдық мерейтойын халқымен бірге қарсы алды.

       Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет», «Парасат»  ордендерінің иегері, Алматы қаласының құрметті азаматы, көрнекті ақын Марфуға Ғалиқызы  80 жылдық мерейлі жасын Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында қара сөздің қадірін жоғары бағалайтын поэзиясүйер қауыммен бірге қарсы алды.

       Қазақтың ақын қызы өз шығар­ма­шылығы арқылы туған халқының сөз өнерін көкке көтерді. Олай дейтініміз, ақынның шығармашылығы шет ел тіліне көп тәржімаланған.  Яғни, оның өлеңдері орыс, болгар, парсы, поляк, венгр, чех тіл­дерінде де жарық көрді.

      Ақынның әу бастағы азан шақырып қойған аты – Мәруа. Өзінің өмірге келер сәтін анасының естелігі арқылы ақын былай еске алады:

       – Шешем түс көреді. Түсінде көк аспан қақ жарылып, бауы ұзын күміс сағат төмен қарай түсіп келе жатады. Бешпетінің омырауын ашып, сағатты тосып алады. Мен қыз бала өмірге әкелсем, оның ғұмыры ұзақ болады әрі ол жай адам болмайды деп жорыған екен, – дейді.

     Ақынның алғашқы өлеңдер жинағы «Балқұрақ» деген атпен 1962 жылы жарық көреді. Одан кейін әр жылдары «Аққуым менің», «Сағыныш сазы», «Көзімнің қарасы», «Жапырақ сілкінген кеш» сынды 40-тан астам жыр жинағы оқырманның жүрегінен жол табады. Ақынның шығар­машылығын жоғары бағалаған халқы оған «Жыр аққуы» деген ат берді. Бала кезінде аққулармен ойнағанды жақсы көрген бала Марфуға осы бір сұлу құстың кейін өмірлік символына айналарын білді ме екен, кім білсін?!

      – Аққулар Сайран көлде өте көп болатын. Керемет. Мен ылғи аққулармен ойнайды екем. Олар ұшып кеткенше мені үйге кіргізе алмайды екен. Кейін туған халқым, оқырмандарым маған «Жыр аққуы» деген ат берді. Өзіме қатты ұнайды. Мен осы «Жыр аққуы» деген атқа лайық болғым келді, жырларым да соған сәйкес болса дедім, өзімнің өмірім де, жан-дүнием де, бүкіл болмысым, табиғатым, тірлігім, тынысым бәрі сол аққу деген атқа лайық болса деп өмір сүрдім, – дейді ақын ағынан жарылып.

      Сөз өнерінің қадір-қасиетін жоғары бағалайтын, сөзге тоқтаған халқының алдында тебірене өлең оқыған ақын сонау Астанадан келген құттықтау хаттарды тік тұрып, ілтипат білдіре тыңдады. Залда отырған біздер ішкі мәдениеті жоғары адам дегеніміз осындай болу керек шығар деп ой түйдік. Ал қала әкімі Б.Байбектің құттық­тау хатын қала әкімінің орынбасары С.Мә­кежанов оқып, ақынның иығына шапан жауып, гүл шоқтарын ұсынды. Туған халқының ыстық ықыласына бөленген ақын елді, жерді сүю үшін адамның өзінде үлкен махаббат болу керек дегенді айтты.

       – Маған шабыт қыстыгүні көбірек келеді. Алатаудың ақсеңгір шоқыларын ақ басып, оның беткі қапталдары әппақ көрпеге оранып жатқанда бойымды шабыт буады. Терезеден Алатауға қарап, сұлу­лыққа тамсанып отырғанда Алла тағалам жүрегіме сұлу жырларды құяды. Төрт құбыланы ұстап тұрған махаббат құдыреті. Сол бойға жиналған махаббаттың күшімен ержетеміз, елді, жерді сүю үшін де адамда үлкен махаббат болу керек. Егер осы сезім болмаса, табиғаттың  сұлулығын да көре алмас едіңіз. Сондықтан адамға сол сезім ауадай қажет. Таза махаббат, сүйіспен­шілік, шексіз мейірім арқылы сіз елді сүйе­сіз. Ал менде бұл қасиет асып-тасып жатыр. Өйткені, есімді білгелі осы сезімнің асқақтығын құлағыма сіңіріп өстім, – деді.

      Жыр аққуына айналған Марфуға қыздарына оқырмандары әлі де талай жыр жолдарымен шуақ шашатын ұзақ ғұмыр берсін деген тілек білдірді.

      http://almaty-akshamy.kz/2016/09/30

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті