Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | Қазақ көші-қонының білгірі

17.10.2016

Қазақ көші-қонының білгірі

      ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, жазушы-драматург, ұлағатты ұстаз және көрнекті қоғам қайраткері Сұлтанәлі Базарбайұлы Балғабаев 70-ке толды.        

     Мерейтойлық шараларды Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы бастап, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен қонақтар қатысып, С.Балғабаевтың қаламгерлік, ұстаздық, қайраткерлік қырын ашатын түрлі баяндамалар жасады.    

     Мәселен, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев: «Сұлтекеңнің қазақ көші-қоны туралы жазғандары мен айтқан ойлары диаспора мәселелерімен айналысушылар үшін ешқашан өз маңызын жоғалтпайды. Және авторды еліміздегі осы тақырыптың бірден-бір білгірі деп санауға болады. Себебі, Сұлтекең Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығы алғаш құрылған күннен бері осында жұмыс істеп келе жатқандығын бәріңіз де білесіздер. Оны Қауымдастықты өз қолымен құрған адамдардың бірі деуге болады. Сұлтанәлі Балғабаевтың көші-қон тақырыбын барынша танып, тереңнен қазып жазатындығы Қауымдастықтағы қызметімен байланысты екендігіне дау жоқ. Автордың «Көші-қон әңгімелері әрқашан халықаралық мәселелерге барып тірелетінін есте ұстаған жөн», дейтін немесе «Көші-қонда кездесетін әртүрлі жағдайлар артық-ауыс әңгімелермен емес, майдан қыл суырғандай ақырын, дипломатиялық жолдармен шешілуі тиіс», деген ой-тұжырымдарында қаншама дәлдік, байқағыштық жатыр десеңізші. Былай қарасаңыз, айдан анық, басы ашық нәрселер, бірақ, қаншама публицистеріміз осы мәселелерден шатасып, көші-қон төңірегіндегі жаңсақ әңгімелерге орын алдырып жүр десеңізші... Көші-қон жөнінде ешқандай заңға, халықаралық келісім-шарттарға сәйкес келмейтін әңгімелер айтылып, оның соңы айналып келіп оралмандарға зиянын тигізетінін де Сұлтекең сан рет орынды атап көрсетті», – дегенді  айтты.      

        Ұстаздық пен қоғамдық қызметті қатар алып жүрген С.Балғабаев бүгінде Қазақстан Жазушылар Одағының Драматургия кеңесінің төрағасы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы Театр өнері жөніндегі көркемдік кеңестің, «Нұр Отан» партиясы жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің, Қазақстан Театр қайраткерлер одағы төралқасының, Қазақ ПЕН-клубы басқармасының,  Қазақ авторлар қоғамы Кеңесінің мүшесі болып табылады. Оның қазақ руханиятының түрлі саласындағы ерен еңбегі Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасы болып табылатын ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 70 жылдық мерейтйоына арнайы жолдаған құттықтау хатынан  да айқын аңғарылады. Онда Елбасы:

         «Құрметті Сұлтанәлі Балғабайұлы!

         70 жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын!

     Халқымыз өзіңізді есіміңіз қазақ оқырмандары мен көрермендеріне жақсы таныс жазушы-драматург және қоғам өміріне белсене атсаласып келе жатқан қайраткер азамат ретінде құрмет тұтады.

         Сіздің қаламыңыздан шыққан көркем дүниелер оқырманға қарапайымдылығымен және адамдардың жан-жүрегіне ізгілік пен имандылықтың сәулесін түсіретін жақсы қасиеттерімен ұнайды.

       Адамдар арасындағы күрделі қарым-қатынастардың нәзік қалтарыстары мен терең драмалары иланымды ашылатын бірқатар пьесаларыңыз еліміздің театр сахналарында табысты қойылып, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді.

         Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында көп жыл бойы менің орынбасарым бола жүріп, ұлтжанды және жанашыр азамат ретінде шет елдерде тұратын қандастарымыздың ата мекенімен байланысын нығайтуға лайықты үлесіңізді қосып келесіз.

        Қаламгерлік және қайраткерлік қызметіңіз еліміздің жоғары мемлекеттік наградаларымен және әдебиет саласындағы сыйлықтармен атап өтілгені зор мерей.

     Сізге мықты денсаулық, отбасыңызға амандық пен игіліктер, сондай-ақ ұзақ та бақытты шығармашылық ғұмыр тілеймін», – деп   жазған.            

      С.Балғабаевтың Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы  бірлесіп ұйымдастырған «Жұлдызың жансыз!» атты шғармашылық кешінде оны Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев оқып берді.    

      Онда сондай-ақ, ҚР Заң шығарушы және бірқатар атқарушы органдары мен қоғамдық ұйым басшыларының да құттықтаулары мерейтой иесіне табыс етіліп, драматургтың шығармаларын өз сахнасында қойып жүрген еліміздің бірқатар театрлары қойылымдардан үзінділер қойылды.

         Ерлік Ержанұлы 

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті