Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | «Қасиеттім – Желтоқсан!» атты кітаптың тұсауы кесілді

10.11.2016

«Қасиеттім – Желтоқсан!» атты кітаптың тұсауы кесілді

     Бүгін Алматыда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Ғылыми кітапханасында  «Шалқар» радиосының директоры, ҚР Президенті сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы мен Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, философия ғылымдарының кандидаты Болатбек Төлепбергеннің «Қасиеттім – Желтоқсан!» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

     Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығына орай арнайы шығарылып отырған кітап ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы аясында «Керемет медиа» баспасынан 2000 данамен жарық көрген.  

    Желтоқсан оқиғасының бізге беймәлім қырлары нақты және тың деректермен баяндалатын публицистикалық кітапта 1986 жылғы Алматы қаласындағы Желтоқсан оқиғасының шығу себеп-салдары, өрбу барысы қамтылып, қақтығыстың тұтануына түрткі болған жайттардан бастап, желтоқсандық қаһармандардың іс-әрекеттері ашып көрсетілген. Сонымен қатар, оған қатысқан және одан кейінгі кезде азаматтық ұстанымын көрсеткен зиялылардың, жастардың қайсарлығы туралы сыр шертіледі. Басылымда сонымен қатар, желтоқсандықтардың тізімі де берілген. 

     2006 жылдан бері Желтоқсан оқиғасын зерттеп келе жатқан, осы тақырыпта бірнеше кітап пен көптеген мақала арнаған кітап авторы Б.Төлепберген: «Бұл кітап Желтоқсан оқиғасы туралы жүйелі бір мағлұмат аламын деуші оқырмандарға арналған. Бұл басылымда бұған дейінгі зерттеулеріме жаңа дерек пен дәйекке сүйенген жаңа дүниелер қосылған. Желтоқсан оқиғасына байланысты түсірілген деректі фильмдердің сценариі, арнайы атап өтілетін «Қасиеттім – Желтоқсан!» атты концерттердің сценарийілері, жекелеген тұлғаларға байланысты деректі фильм түсіруге  өтінішер, облыстық әкімдіктерге жазған хаттар,  жалпы Желтоқсан оқиғасына байланысты тағы да басқа соңғы зерттеліп жатқан жұмыстар кірген.  Менің Желтоқсан оқиғасы туралы жазуға, бұл тақырыпқа келуіме Желтоқсан ісі бойынша Конституциялық соттың 10 томдық материалдарын көруге мүмкіндік туған күннен бастап, қызығушылық пайда болды. Бір жағынан қарасаңыз, бұл тарихи оқиғаның мән-жайы белгілі сияқты, бір жағынан қарасаңыз нақты дерекке сүйенген, рухани айналымға түспеген, әлі де зерттеуді  қажет ететін көптеген дүниелер бар. Мәскеудегі мұрағатта, біздің өз еліміздің мұрағаттарында да әлі зерттелмеген көптеген мәліметтер бар. Осылардың бәрін бір жүйеге түсіріп, бір айналымға түскенде ғана, жайлап ақиқатқа жетеміз. Желтоқсан оқиғасына қатысты ойлар да бір ғылыми жүйеге келеді деп ойлаймын. Сондықтан да, бұл тарихи оқиға әлі де зерттеуді қажет етеді», дейді.

      Халқымыздың сан ғасырлық тарихында 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің алар орны қашанда ерекше болып қалмақ.  Талай жылдан бері көбесі сөгілмей келген мұзды бұзған қазақ жастарының ерлігі ұрпақтан-ұрпаққа үлгі-өнеге болып қалары сөзсіз. Сол бір қаһарлы күндерді көзімен көріп, оның бел ортасында болған желтоқсан қайраткерлері белгілі ақын, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының иегері, бірнеше жыр мүшайралардың жеңімпазы Аманғазы Кәріпжанов пен  белгілі  желтоқсаншы Ерлік Омарұлы шараға арнайы қатысып, жастарға Желтоқсан көтерілісі қаһармандарының үстемшіл саясатқа қарсы шыққан  ерлігін, өздерінің бастарынан кешкен қиындықтарды, қуғын-сүргінге ұшыраған жастар туралы естеліктер айтып берді.

     Шара соңында Болатбек Төлепберген мен ақын Аманғазы Кәріпжанов өз туындыларын Ғылыми кітапхана директоры Бағашарова Бақытжамал Тельманқызына тарту етті.

         «Қыздар университеті»  медиа орталығы

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті