Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 2050 жылға қарай 80,3 жасқа жетіп жығылмақ

05.12.2016

Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 2050 жылға қарай 80,3 жасқа жетіп жығылмақ

        Ұлттық салауатты тамақтану орталығы қазақстандықтардың өмірінің сапалы әрі салауатты болуын қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар әзірлеу мақсатында зерттеулер жүргізді.

        Соңғы уақытта әлем бойынша адамдардың өмір сүру ұзақтығы артып келеді. Бұл жағынан Қазақстанда да жағымды үрдіс байқалады. Егер 1960 жылы ол 58,37 жас болған болса, 2014 жылы – 71,62 жасты құрады. Ал, 2050 жылға қарай 80,3 жасқа жетіп жығылмақ.

            2015 жылғы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда жасы 65-тен асқан тұрғындар саны 6,82 пайызға жеткен. Бұл БҰҰ бағаны бойынша көбеюдің демографиялық құрылымына толық сәйкес келеді.

            Ұлттар ұйымы сарапшыларының болжамынша, 2030 жылға қарай елімізде егде жастағы тұрғындар саны 11,5 пайызға жетсе, 2050 жылға таман Қазақстан халқының төрттен бірін жасы 65-тен асқан тұрғындар құрамақ.

            Осы орайда, адамдардың өмір сүру ұзақтығымен қатар, оның сапалы болуын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өткіміз керек. Адам өмірдің кез-келген сатысында сапалы ғұмыр кешіп, қарттық кірген сайын көбейетін  дәрменсіздікті сезінбейтіндей болуы тиіс.

            Азаматтарымыздың ұзақ, сапалы әрі салауатты өмір сүруін қамтамасыз ететін іс-шаралар әзірлеу мақсатында Ұлттық салауатты тамақтану орталығы (ҰСТО) бірнеше бағытта зерттеулер жүргізген болатын.

            Зерттеулердің алғашқысы бие сүтінен жасалған емдік-профилактикалық өнімдердің әлеуметтік мекемелерде өмір сүретін қарттардың метаболистік статусына әсерін зерттеуге бағытталды.

            Зерттеу 60 күн бойы жүргізілді. Күн сайын әлеуметтік мекемелерде тұратын қарттардың рационына бие сүтінен жасалған йогурт, йогурт сусыны, қышқыл-сүт сусыны сынды тағы да басқа емдік-профилактикалық қышқыл-сүт өнімдері енгізілді. Қазақ ұлттық тағамтану академиясы тарапынан дайындалған бұл өнімдер мемлекеттік стандарт талаптарына толық жауап береді.

            Өнімдерді пайдалана бастаған күннен зерттеу аяқталғанға дейінгі аралықта әлеуметтік мекеме тұрғындарынан биохимиялық қан талдауы алынып отырды.

            Бие сүтінің негізінде жасалған емдік-профилактикалық өнімдер қарт кісілердің ағзасындағы метаболистік процестердің барлық көрсеткіштеріне жағымды ықпал етті.

            Бие сүтінен алынған өнімдер қартаю процесін баяулатып, тіндердің инсулинге сезімталдығын арттырады. Сөйтіп, бұл сараптама көрсеткіштері белгілі бір шектеулі деңгейден аспаған қарттардың ағзасында қан айналым жүйесі, қант диабеті және остеопороз сынды сырқаттардың туындау қаупін едәуір төмендетті.

      Төрегелді Шарманов, Ұлттық салауатты тамақтану орталығы және Қазақ ұлттық тағамтану академиясының президенті: «Бие сүтінен жасалған өнімдерді пайдалану тамаша нәтиже берді. Зерттеу нәтижелері осы өнімерді қарт кісілерге қартаю процесінің қарқынын баяулату және жас мінген сайын пайда болатын сырқаттардың алдын-алуға көмектесетін тағам ретінде күн сайын пайдалану жөнінде кеңес етуге мүмкіндік береді. Мәселен, әлеуметтік мекемеде тұратын егде жастағы азаматтардың 92,3 пайызының қанындағы глюкоза көрсеткіші едәуір төмендеді. Тіпті, соның жартысының қанындағы глюкоза мөлшері қалыпты нормаға келді. Қан құрамында холестерині жоғары тұрғындардың 77,8 пайызы да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Қарттардың жартысынан астамының, яғни, 59,3 пайызының холестерині қалыпқа түсті».

      Келесі (кросс-секциялық) зерттеу Алматы қаласында тұратын қарттардың (жасы алпыстан асқандар) салауатты мінез-құлық қалыптастыру кезеңдері, дұрыс тамақтану принциптері, салмақты қадағалау, шынығу (физикалық белсенділік) сынды мәселелерден қаншалықты хабары барын анықтауға бағытталды.

       Сонымен қатар, кросс-секциялық зерттеудің мақсаты – егде жастағы азаматтардың тамақтану сипаты мен тамақтану мінез-құлқы, тұратын ортасы (үй, жатын бөлмесі, асүй) және әлеуметтік ортасы (достары және туыстары) олардың денсаулығы мен салауатты өмір сүруіне қаншалықты жағымды әсер ететінін анықтау. Оған қоса, қарттардың (жасы алпыстан асқандар) салауатты мінез-құлық қалыптастыру кезеңдері, дұрыс тамақтану принциптері, салмақты қадағалау, шынығу (физикалық белсенділік) сынды мәселелерден құлағдар болуы деңгейі, әлеуметтік жағдайы мен физикалық және психологиялық саулықтың арасындағы байланысты анықтау да осы зерттеудің міндетіне кірді.

       Сараптама нәтижесі респонденттердің жартысының физикалық белсенділігі ДДСҰ ұсынған нормалардан төмен екенін көрсетіп берді. Жалпы алғанда, сауалнамаға қатысқандардың 12,9-54,7 пайызы тұрақты түрде белсенді өмір сүреді (жүктеменің түрі мен деңгейіне қарай).

       Қарттардың 12,9 пайызында 20-30 минуттан аспайтын күн сайынғы физикалық жүктеме кезінде аздап демігу немесе терлеу пайда болады. Ал, аптасына бірнеше рет жаттығу жасағанда қарттардың 17,8 пайызынан осындай белгілерді аңғардық.

       Ал, 37 пайызы мұндай физикалық жүктемені өте сирек немесе мүлдем сезінбейтінін айтты.

       Респонденттердің 54,6 пайызы күн сайын серуендейді, 27,4 пайызы үйде жаттығулар жасайды, 4,6 пайызы жаттығуларға немесе емдік гимнастикаға қатысады, 32,5 пайызы үй жинайды, 12,3 пайызы бақшада немесе далада жұмыс істейді.

      Қарттардың жасырақ тобы (60 пен 69 жас аралығындағылар) өздерінен жасамыстау топ өкілдеріне (70-79 және 80-89 жас) қарағанда белсенді өмір сүреді. Мәселен, 60 пен 69 жас аралығындағы қарттар жоғарыдағы топтағыларға қарағанда күн сайын көбірек серуендейді (55,19 минут – 48,2 және 39,1 минут).

      Сауалнамаға қатысқан егде жастағы кісілердің салауатты тамақтану мінез-құлқы арасындағы айырмашылық 13 пайыздан 75 пайызға дейінгі аралықты құрап отыр. Мысалы, респонденттердің 69,6 пайызы үстел басына отырмас бұрын тамақты тәрелкелерге салып, порциямен бөліп алады. Тамақты үлкен тәрелкеге салып ортаға қоймайды. Ал, сұралғандардың 16,6 пайызы тамақ ішу процесін алдағы уақытта осылайша ұйымдастыруды жоспарлап жүргенін айтты.

       Жас көкөністер мен жемістерді күніне 3-4 рет жейтін қарттардың үлесі 5,8 пайыз ғана, күніне 1-2 рет жейтіндер – 60 пайыз. Респонденттердің үштен біріне жуығы жеміс пен көкөністі күніне бір реттен де аз жейді.

       Қарттардың үштен бірінің тұрғын үй жағдайы барлық өлшемдер бойынша салауатты өмір сүруге жағымды әсер етеді (бөлме гүлдерін қоспағанда).

      Респонденттердің 65,6 пайызы бөлме гүлдеріне күтім жасайды. Ал, 21,5 пайызы күн сайын таразыға тұрып, салмағын өлшейді.

            37,1 пайызының оған аса құлқы жоқ. Жалпы алғанда, респонденттердің 8-20 пайызы салауатты өмір сүру бағытында өзгерістер енгізуге қарсы емес (спорт құралдарын сатып алу, бөлме гүлдеріне күтім жасау, бау-бақшада жұмыс істеу, теледидар пультінен бас тарту және тағы басқа). Ал, 20 пайызға жуығы үйінде күн сайын өлшенетін таразы болғанын қалайды, бау-бақшада жұмыс істегісі келеді. Бірақ оған мүмкіндігі жоқ.

      Сауалнамаға қатысқан қарттардың 39-59,5 пайызының салауатты мінез-құлық танытуына ықпал ететіндей етіп ұйымдастырылған. Мысалы, олардың 59,5 пайызы бірден көзге түсетін жемістер мен көкөністерге тоңазытқышта арнайы сөре бөліп қойған.

      Респонденттердің 39 пайызы салауатты тағамға жатпайтын өнімдерді (кондитерлік өнімдер, қытырлақ картоп сынды өзге де тазартылған өнімдер) көзге көп көрінбейтін шкафта сақтайды. Олардың 10 пайызы асүй кеңістігін салауатты тамақтануға барлық жағынан ыңғайлы етіп ұйымдастырғысы келеді.

            Сауалнамаға қатысқан қарттардың 36-66 пайызы (қойылатын талаптарға қарай) жатын бөлменің денсаулық үшін маңызы зор деп есептейді. Респонденттердің 6-22 пайызы дұрыс ұйықтауға мүмкіндік беретін өзгерістер жасауға бел буған немесе «қалауы мен мүмкіндігі бір-біріне сай келмейтіндер». 

            Қарттардың басым бөлігі (орта есеппен – 62,3%) өздерін жалғыз сезінбейді және тұрмыстық ахуалын жоғары бағалайды (10 балдан 7 балл береді). Егде жастағы респонденттердің төңірегінде жүрген адамдардың кем дегенде 3-еуі (туыстары мен достары) салауатты өмір салтын ұстанады, дұрыс тамақтанады және белсенді өмір сүреді.

      Жалпы алғанда, егде кісілердің салауатты тамақтану жайлы ақпараттардан хабардар болу деңгейі жеткіліксіз деуге болады. Респонденттеріміздің деңгейі бұл жағынан тиісті көрсеткіштің жартысына да жетпей, 63 балдың 30 балымен шектелді.

      Қосымша мәліметті Гаухар Датқабаевадан алуға болады. Телефон: 8 701 755 02 46 

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті