Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | Шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдері Елбасының атына хат жолдады

20.12.2016

Шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдері Елбасының атына хат жолдады

Қазақстан Республикасының Президенті,

                                           Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының

    Төрағасы Н. Ә. НАЗАРБАЕВҚА

 

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

 

       Сізге біздің бұл хатты  жазуымызға ұлт басылымы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ұлы дала ұлағаттары» деп аталатын жаңа еңбегіңіз түрткі болды. Ондағы «Қиырдан келсе қандастар» деп аталатын бөлімде айтылған мәселелер біздің көңілімізге көп ойлар салды. Мұның бәрі Республикадан тыс жерлерде, яғни, шетелдерде тұратын 5 миллион қазақ диаспорасы үшін ең бір көкейкесті жайттар болып табылады. «Ұлы дала ұлағаттары» еңбегіңіздегі: «Біз тығырықты тар заманда тарыдай шашылып кеткен қандастарын атамекенге жинаған әлемдегі үш елдің біріміз», деген сөздің терең қатпарында жай мақтаныш қана емес, халықтың күрделі тағдыры, мыңдаған, милиондаған адамдардың өмірі, сенімі, арманы жатыр. Қиюы кеткен тар заманда қисынын тапқан табысты жұмыс, елдік қалыпқа бетбұрған қазақ даласындағы ұлы өзгерістер лебі сезіледі бұл еңбектен.  Шетелдегі қазақтар қай елде, қай жерде тұрса да Қазақстан Республикасын ежелгі атажұрт, атамекен ретінде ерекше қадір тұтатынын тап басу, осынау көңіл-күйді нәзік сезіну бар мұнда. Тәуелсіздіктің ақ таңы атысымен Сіздің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы ретінде қолға алған істеріңіз, қайраткерлік қызметіңіз сырттағы қандастарыңызды атамекенге шақырудан басталғанын біз әрдайым мақтаныш етеміз. Болашақ ұрпақ, тарих өзіңіз айтқан қиырдан келген қандастар көшінің маңыздылығын әлі-ақ бағалауға тиіс деп ойлаймыз. Бұл атқарылған істер Сізді жер жүзіндегі бүкіл қазақтың көшбасшысы, шынайы жанашыр қамқоршысы деп бағалауға толық негіз береді. Алыс-жақындағы ағайындардың Сізге деген  үміт-сенімі бүгінгі күні артығымен жүзеге асып, орындалып келеді. Тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде атажұртқа 1 миллионға жуық қандасымыз оралып, Қазақ елінің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына ұшан-теңіз үлес қосуда.

            Қазақстанның шетелдегі ағайындарға деген  қамқорлығы бүгінгі таңда  да өзінің жақсы жалғасын тауып келеді. Қазақ диаспорасының өкілдері мен атажұрттағылардың арасындағы байланыс уақыт өткен сайын берік қалыпқа ие болып отыр. Соның бір айқын дәлелі – осы хатқа қол қойған біздердің, яғни алыс-жақын шетелдердегі қазақтардың бір топ өкілдерінің Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты мерекеге ресми шақырумен арнайы келіп қатысуымыз. Бұл біз үшін айрықша жоғары мәртебе, үлкен қуаныш.

       Осыған орай, Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне келген сапарымызда біз де бұл мәселе  жөнінде ой бөлісу үшін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастырумен «Елбасы және шетел қазақтары» атты дөңгелек үстел өткізіп, өз пікірлерімізді ортаға салдық.

            Бұл басқосуда «Ұлы дала ұлағаттары» еңбегіндегі міндет-мақсаттарды жүзеге асыруға шетелдегі ағайындардың да белсене қатысуы жан-жақты сөз болды.  Бұл ретте олардың атажұртқа оралуы толастамай, бұрыңғысынша жалғаса беруі өте маңызды. «Ұлы дала ұлағаттары» еңбегінің «Қиырдан келсе қандастар» атты бөлімінде осы мәселе барынша жан-жақты айтылған екен. Жасыратыны жоқ, бүкіл әлемдік экономикалық қиындықтарға байланысты  алдағы уақытта оралмандар көші тоқтап қалмай ма деген сөз де айтыла бастаған еді. Бірақ Сіздің жаңа еңбегіңізбен танысып шыққаннан кейін бұл күдігіміз біржолата сейілді. Яғни Сіз өз еңбегіңіздің  «Ұлы көш жалғаса береді. Өйткені, әлемдегі бар қазақ – бір қазақ» деп атап көрсеткен екенсіз. Алыс-жақындағы ағайындардың атажұртқа оралуына бұдан артық қандай қолдау, қандай қамқорлық керек?! Сіздің шынайы көңілден туған бұл сөзіңіз жер жүзіндегі бүкіл қазақтарға ілезде тарап кетті. Демек олардың атажұртқа деген ынта-ықласы қазіргіден де арта түсетіні анық.

      Сіздің бастамаңызбен алдағы 2017 жылы әсем қала Астанада әлем қазақтарының V Құрылтайы өтеді деген жақсы хабар да қазір шетел қазақтарына кеңінен тарап, олардың бәрі бұл ұлы жиынды асыға күтуде. Сіздің бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша бұл Құрылтайда да көлемді баяндама жасап, бүкіл қазақ халқының алдында тұрған басты мақсат-міндеттерді нақты белгілеп, айқындап беретініңізге кәміл сенеміз.

      Әлем қазақтарының құрылтайы қарашаңырақта отырған бауырларымыз  бен шетел қазақтары арасындағы мәдени-рухани, оқу-білім және көші-қон саласындағы байланыс жаңа деңгейге көтереді деп ойлаймыз.

             Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

      Сіздің Қазақ елінің баянды болашағы үшін жасаған еңбегіңізге алыс-жақындағы бүкіл ағайындардың атынан шексіз ризашылығымызды білдіріп, алғыс айтамыз. Қазақстан Республикасының дамыған мемлекет ретіндегі абырой-беделінің болашақта қазіргіден де жоғарылай беруіне, әлемдегі бүкіл қазақтың басын қосатын қара шаңырақ ретіндегі іргесінің берік болуына, Сіздің жемісті қызметіңіз жалғаса түсуіне тілектестігімізді білдіреміз.

 

Хатқа қол қоюшылар:

Шолпан Қызырхан         Аустриядағы қазақтар атынан 

Чермен Шоқанов           Белорусиядағы қазақтар атынан

Өмірхан Алтын               Германиядағы қазақтар атынан         

Абдулкәрім Қазақ          Ирандағы қазақтар атынан

Махмуд Башташ             Норвегиядағы қазақтар атынан

Гүлшат Сейіткамал         Қытайдағы қазақтар атынан

Асай Рәміш                     Моңғолиядағы қазақтар атынан

Хабсаттар Омар                  

Серікбай Үсенов             Өзбекстандағы қазақтар атынан

Сәдірбаева Клара                                              

Тоқтарбай Дүсенбаев    Ресей Федерациясындағы қазақтар атынан  

Ерназар Нуриев                                                          

Алтынай Жүнісова

Зәуре Саминова              Тәжікстандағы қазақтар атынан

Серкан Дінштүрік            Түркиядағы қазақтар атынан

Мехмет Зенгин                 Франциядағы қазақтар атынан

Еркін Булекбаев              Қырғызстандағы қазақтар атынан

Ғазиз Есмұханов              Көші-қон комитетінің алғашқы төрағасы, зейнеткер 

Алмас Сақбаев                      «Көк тудың желбірегені» әнінің авторы, Қытайдан келген оралман

Талғат Мамашев             Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа төрағасының бірінші орынбасары  

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті