Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | Алматыда Ыдырыс Ноғайбаев пен Фарида Шәріпованы еске алу кеші өтті

21.12.2016

Алматыда Ыдырыс Ноғайбаев пен Фарида Шәріпованы еске алу кеші өтті

     Алматыда 20 желтоқсанда М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында ҚазКСР және КСРО халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығы лауреаты Ыдырыс Ноғайбаевтың туғанына 85 жыл және КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтар лауреаты Фарида Шәріпованың туғанына 80 жыл толуына арналған еске алу  кеші өтті.

         Қазақтың ұлы актері Ыдырыс Ноғайбаев 1931 жылы Алматы облысы Талғар қаласында дүниеге келді. Алматы Көркемөнер училищесін,  1954 жылы Мәскеудің А.В.Луначарский атындағы Мемлекеттік Театр өнері институтын үздік бітірді. Бір топ курстасымен  М.Әуезов театрының актерлік тобына қабылданған ол өмірінің соңына дейін осы сахнада өнер көрсетті.

         Театрдағы дебютін М.Горький драмаларынан бастаған талантты жас актер шығармашылық жолында небір классикалық та, заманауи да шоқтықты да күрделі рольдер орындады. М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде» Есен, «Қарақыпшақ Қобыландысында» Қобыланды, «Абайында» Абай, «Айман-Шолпанында» Көтібар, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Қарабай, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Қален, Т.Ахтановтың «Антында» Сауран сұлтан, Қ.Бекхожиннің "Ұлан асуындағы" Абылай; Ш.Айтматовтың «Жәмиласында» Данияр, «Ана-Жер-анасында» Сыбанқұл, «Ақ кемесінде» Орозқұл,  Т.Ахтановтың «Боранында» Қоспан, т.б. көптеген бейнелерінің қай-қайсысы да жеке-дара сипат алумен қатаржинақтық мәнге көтерілді. Өйткені актер орындаған рольдерінің әлеуметтік тұғырын дәл таба отырып, психологиялық тереңдіктерге құлаш ұрды.  Тұр-тұлғасына болмысы сай, ірі талант иесінің әлемдік драматургиядан жасаған Н.Хикметтің «Фархад-Шырыныдағы» Фархад, Шекспирдің «Отеллосындағы» Отелло, «Асауға-тұсауындағы» Петручио, Лопе де Веганың «Қызғаныштан-махаббатындағы» Теодоро, В.Дельмардың «Баянсыз бағыдағы» Барклей, А.Чеховтың «Сүйікті менің ағатайымындағы» Астров, О.Ио­­­селианидің «Ар­баң аман болсынында» Агабо, т.б. бейнелерітеатрдың ғана емес, жалпы қазақ сахнасының көркемдік жетістіктері болды.

       Кең планды, кесек бейнелер сомдаған актер Ноғайбаевтың ұлттық кино өнеріне сіңірген еңбегі де үлкен.  «Қазақфильм» киностудиясы фильмдерінде – «Ботакөзде» Амантай, «Өмір жолындада» Оспан, «Асудада» Данияр, «Алғашқы мүғалімде» Нармағанбет, «Қилы кезеңде»  Бәйтенов, «Қыз Жібекте» Сырлыбай, «Нан дәмінде» Кемелов, т.б. бейнелерін өмірдегідей шынайы жетізе білген актер қырғыз елінің көптеген фильмдеріне түсті.

         Көрнекті тұлғаның ұстаздық қызметі де табысты болды. Ол Республикалық эстрада студиясында, Театр және көркемсурет институтында тәрбиелеген шәкірттер  бүгінгі таңда қазақ өнеріне адал да жемісті еңбек етіп жүр.

         Азаматтық үні биік, хас шебер, көрнекті тұлға Ы.Ноғайбаевтың ұлттық өнерге сіңірген аса зор еңбегі лайықты бағасын алып,  ҚазКСР халық артисі (1966), КСРО халық артисі (1982) атақтары берілді. «Қан мен тер» спектакліндегі Қален ролі үшін (1974) және «Нан дәмі» фильміндегі Кемелов ролі үшін (1980) екі мәрте КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды.

         Бүгінде Алматы облысы, Іле ауданындағы №18 орта мектепке Ы.Ноғайбаев есімі берілген. Актердің өзі тұрған үйге ескерткіш- тақта орнатылған.

                Фарида Шәріпова 1936 жылы ҚХР Шәуегек қаласында дүниеге келген. Талантты жас қыз өнерімен танылып, «Хасен-Жәмила» көркем фильміне түскен, 1955 жылы бала күнінен бергі асыл арманы орындалып, туған елге оралған. Сол жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның актерлік бөліміне түсіп, оны 1959 жылы бітірген соң бір топ талантты құрбы-достарымен М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актерлік тобына қабылданады.

      Театрдағы алғашқы кәсіби қадамын  Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуындағы» Баяннан бастап жүзге тарта роль орындаған  көрнекті актриса ерекше таланты, жанкешті еңбекқорлығы, тынымсыз ізденістерінің арқасында қазақ сахнасының үлкен тұлғасына айналды. Театр репертуарындағы қойылымдардың барлығында дерлік басты рольдерді орындаған актриса Шәріпованың бұл ретте Ғ.Мүсіреповтің «Айман-Шолпанында Шолпан, М.Әуезовтің «Абайында»Ажар, «Қарақыпшақ Қобыландысында» Қарлыға, «Еңлік-Кебегінде» Еңлік, «Таңғы жаңғырығында» Қатша, «Қарагөзінде» Қарагөз,; Ш.Айтматовтың  «Жәмиласында» Жәмила,  Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-анасында» Толғанай, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Ақбала, Т.Ахтановтың «Боранында»  Жаңыл, О.Бөкейдің «Құлыным меніңінде» Анар, Қ.Мұхамеджановтың  «Көктөбедегі кездесуінде» Гүлжан, «Біз періште емеспізінде» Асыл, С.Балғабевтың «Ғашықсыз ғасырында» Фарида, сондай-ақ әлем драматургиясынан Еврипидтің «Медеясында» Медея, «Софоклдың «Эдип патшасында» Иокаста, Шекспирдің «Асауға-тұсауында» Катарина, «Ричард III» трагедиясында Леди Анна, «Кориоланында» Волумния,  А.Пушкиннің «Шағын трагедияларында» Донна Анна, М.Каорудың «Шығыстағы бір беейбағында» Нунобике Кэй, М.Фриштің «Дон Жуанның думанында» Миранда, тағы да басқа көптеген рольдерін атауға болады.

       Көрнекті актриса шығармашылық белсенді ғұмыр кешті. Кино өнеріне де өзіндік үлес қосып,  «Жол торабы», «Тұлпардың ізі», «Жорғаның жүрісі» («Қош бол, Гүлсары»), «Қыз Жібек», «Қала қалқаны», т.б. фильмдерге түсті. Дауысы әуезді, үні мақпал, сөз қадірін білетін актриса көптеген фильмдердің дыбысталуына, сондай-ақ Қазақ радиосы мен телевидениесіне шығармалар оқуға  белсене ат салысты.  Т.Жүргенов атындағы Театр-Кино институтында ұстаздық етіп, талантты шәкірттер тәрбиеледі.

       Ф.Шәріпова табиғат берген талантын тынымсыз рухани іздену, әлемдік өлшемдерге иек артумен суарып-шыңдап; сезім мен парасатты тең-тел ұстай алған тұлға. Сахнада «мың өліп, мың тірілген», білімді де білікті  актрисаның қуатты өнері кейінгі ұрпаққа да рухани азық,  ал, жас буын актерлерге ерекше мектеп, өнерге деген көзқарас-ұстанымның классикалық үлгісі деу керек. 

        Дара талант иесі Ф.Шәріпованың өнері үкімет тарапынан лайықты бағасын алды. Ол Қазақстанның халық артисі (1966) және КСРО халық артисі (1980).  «Ана-Жер-анадағы» Толғанай ролі үшін ҚазКСР (1967)  және «Қан ментердегі»  Ақбала ролі үшін КСРО Мемлекеттік (1974) сыйлықтарына ие болды.Қырғыз елі өнерін жоғары бағалап,  Қырғыз Республикасы мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер атағын берді.

     Ыдырыс Ноғайбаев пен Фарида Шәріпова өмірде «бақыт дегенді өз қолдарымен орнатқан» жарасымды жұп болды. Өнерде қос жұлдыз болып жарқырады.  Сахнада Данияр – Жәмила, Сұбанқұл – Толғанай, Еңлік – Еңлік, Қобыланды – Қарлыға, Абай – Ажар, Қален – Ақбала, Петручио-Катарина, Елена - Астров болып нұр шашса, кинода Танабай – Бибіжан болып өнер-өмір өткелдерінен өтті. Еліміздің тәуелсіздігіне тағлымды өмірлерімен, асыл өнерлерімен үлес қосқан егіз Тұлғаның өнері ұрпақ жадында жаңғырып тұрары анық. 

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті