Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | «Алтын қалам» әдеби жүлдесі жаңа маусымын жариялайды

16.02.2017

«Алтын қалам» әдеби жүлдесі жаңа маусымын жариялайды

     Алматыда, ақпанның 16-да Қазақстан баспасөз орталығында «Алтын қалам» әдеби жүлдесі жаңа маусымын жариялайды. Биылғы шара Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналады. 6-шы рет ұйымдастырылып отырған байқау жұмыстарды ақпанның 17 бастап, қыркүйектің 15-не дейін қабылдайды. «Алтын қалам 2017» әдеби жүлдесі Бауыржан Оспанов жетекшілік ететін  «ZHERSU»  өндірістік-инвестициялық корпорациясының, Мұхамеджанова Нұржан Жалауқызының, Арман Шораевтың, Қазақстан баспасөз орталығының, «Аруна» баспасының қолдауымен өтеді.

      «Алтын қалам 2017» әдеби жүлдесінің бас ақпараттық серіктесі «Русское радио». Сондай-ақ 31 телеарна ақпараттық қолдау көрсетеді.  

      Биыл байқауға қазақ және орыс тілінде жазылған жұмыстар ақпанның 17 бастап, қыркүйектің 15-не дейін қабылданады. Оқырмандар қыркүйек айының 30-не дейін дауыс бере алады. Әдеби туындыларды ұйымдастыру комитетінің adebiet2014@gmail.com,   kenze2002@mail.ru электрондық поштасына жолдауға болады. Конкурс жайлы толық мәліметті  жүлденің www.akalam.kz ресми сайтынан біле аласыздар. Сайысқа түскен барлық шығарма аталған сайтта орналастырылады. Оқырмандар төмендегі аталымдар бойынша дауыс береді: 

1. ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ПОЭЗИЯСЫ

2. ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ПРОЗАСЫ

3. «ДАРАБОЗ»  - ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК БАЛАЛАР ЖӘНЕ ЖАСӨСПІРІМДЕР  

   ШЫҒАРМАСЫ

4. ЕСЕНЖОЛ ДОМБАЕВ АТЫНДАҒЫ ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК САТИРАСЫ

5. ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ФАНТАСТИКА ЖӘНЕ ДЕТЕКТИВ ШЫҒАРМАСЫ

6. ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК КИНОСЦЕНАРИЙІ ЖӘНЕ ДРАМАТУРГИЯСЫ

7. ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНЕ ҚОСҚАН ЕЛЕУЛІ ЕҢБЕГІ ҮШІН

8. ШЕТЕЛ АВТОРЛАРЫНЫҢ ҮЗДІК ШЫҒАРМАСЫ

9. АЛАШОРДАНЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН АРНАЙЫ ЖҮЛДЕ

      Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай арнайы номинацияның  жариялануын биылғы жүлденің ерекшелігі ретінде атап өтуге болады. Осы аталымның жеңімпазы ұйымдастырушылар атынан 1 000 000 млн теңге сыйақы алады. Бұл сайысқа проза, поэзия, драматургия, сатира, яғни, кез келген жанрда жазылған жұмыстар қатыса алады. Ең бастысы шығарма еліміз  тарихын арқау етіп алып, оқырмандарды елін, дәстүрін сүюге, құрметтеуге шақыруы тиіс.

      Алғашқы кезеңде шығармалар www.akalam.kz веб-сайтында іріктеледі. Оқырмандар өзіне ұнаған жұмысқа дауыс бере алады. www.akalam.kz сайтындағы онлайын-дауыс беру 7 ай бойы жалғасады. Дауыс беру аяқталған соң, қазылар әр аталым бойынша 5 шығарманы таңдап алады. Сайыстың екінші кезеңіне оқырмандар тарапынан ең көп ұпай жинаған шығармалар өтеді. Одан кейін жүлдені ұйымдастырушылар мен жоба серіктестерінен құралған қазылар әрбір номинация бойынша жеңімпаздарды анықтайды. Өткен жылдардағыдай сайыс барысында шығарма авторлары көрсетілмейді.     

       «Алтын қалам 2017» әдеби жүлдесі жеңімпаздарының есімдері күзде өтетін  марапаттау шарасында жарияланады. 

КОНКУРС ЖАЙЛЫ:

      Қазақ әдебиетінің бүгіні мен болашағына бей-жай қарай алмайтын, қоғамдық қызметтің әр саласында еңбек етіп жүрген Досым Сатпаев, Қуат Домбай, Кенже Жұманұлы, Расул Жұмалы және Айдос Сарым секілді азаматтар ақылдаса келіп, 2009 жылы «Алтын қалам» әдеби жүлдесін өткізу туралы бастама көтерген болатын. Мақсат – еліміздің  рухани-мәдени дамуына Қазақстан азаматы ретінде өз үлесін қосу және жас дарындар мен жаңа есімдердің қалың жұртқа танылуына ықпал ету.

    Кейін байқауды ұйымдастыру комитетінің құрамына «КТК» телеарнасының бұрынғы жетекшісі Арман Шораев қосылды.  Сондай-ақ, ұйымдастыру жұмыстарына Татьяна Филипчик қолдау көрсетіп отыр. Үздіктерді анықтауға оқырмандардың ат салысуы байқаудың басты ерекшелігі саналады. Шығармаларды бағалау екі кезеңнен тұрады. Айта кететін жәйт, қазылар құрамында  кәсіби қаламгерлер, әдебиетшілер жоқ. Көптің талқысына ұсынылған әдеби шығармалардың авторы да көрсетілмейді. Мұндай талаптар жүлденің әділ өтуіне кепіл бола алады. Айта кететін жайт, «Алтын қалам» байқау жұмыстарына жазушылар емес, оқырмандар  баға беретін Қазақстандағы бірінші әдеби жүлде.

      «Алтын қалам» ұлттық әдеби жүлдесі алғаш рет 2010 жылы ұйымдастырылды. Үміткерлерден әдеби туындылар «Жылдың үздік прозасы», «Жылдың үздік поэзиясы», «Жылдың үздік ғылыми басылымы», «Жылдың үздік іскерлік басылымы», «Жылдың үздік балалар кітабы», «Блогомания» («E-Kiтап»), «Жылдың үздік аудармасы» аталымдары бойынша қабылданды. Үш ай ішінде еліміздің әр өңірінде тұратын 75 автордан 92 шығарма келіп түсті.

     Ерекше атап өтетін жайт, «Алтын қалам» жүлдесінің ұйымдастыру комитеті  саяси қылмыскер деп айыпталып, Қытай түрмелерінде 40 жыл отырған, «Қылмыс» атты 6 томдық кітапты абақтыда жазып шыққан, Қытай өкіметі  тарапынан саяси себептерге байланысты қудаланған қазақтың арда азаматы, талантты қаламгер, бүкіл ғұмыры азаттық үшін күреспен өткен Қажығұмар Шабданұлын  «Қазақ әдебиетіне қосқан зор үлесі үшін» марапаттады. Бұл Қажығұмар Шабданұлының туған жерінен алған алғашқы әдеби сыйлығы және осы сыйлықты ұйымдастырғанымызды мақтаныш етеміз. 

      2016 жылдан «АРУНА» баспасы «Алтын қалам» әдеби жүлдесімен ынтымақтаса бастады. Конкурсқа қатысушылардың бірі Тұмар Мұқаштегінің балаларға арналған «Шимай-шатпақ» кітабын баспадан шығарды. Енді баспа өткен жылдың қорытындысы бойынша «Жылдың үздік балалар шығармасы» номинациясының үздік шығармаларының бірін кітап етіп шығаруды жоспарлап отыр.

 ҰЙЫМДАСТЫРУ КОМИТЕТІНІҢ ЭЛЕКТРОНДЫҚ МЕКЕН-ЖАЙЫ:  adebiet2014@gmail.com БАЙЛАНЫС ТЕЛЕФОНЫ  87013366053 

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті