Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | Азиада ойындары тарихында Қазақстан медаль саны бойынша үздік үштікте

17.02.2017

Азиада ойындары тарихында Қазақстан медаль саны бойынша үздік үштікте

Азиада ойындары тарихында Қазақстан медаль саны бойынша үздік үштікте

     19 ақпан күні Саппоро қаласында (Жапония) VIII қысқы Азия ойындарының жалауы желбірейді.
     Естеріңізге сала кетейік, Астана мен Алматы қалаларында VII қысқы «Азиаданы» өткізу кезінде Азия Олимпиадалық Кеңесі Бас Ассамблеясының отырысында келесі байрақты бәсекені ұйымдастыру құқығын Жапонияның Саппоро және Обихиро қалаларына беру туралы шешім қабылданды.
    Бұл дода Саппоро қаласында үшінші рет өткелі отыр. Жалпы Азиада ойындарын Жапония төртінші мәрте қабылдайды. 
     11 ақпанда Алматы қаласында қазақстандық делегацияны Жапонияда өтетін VIII қысқы Азия ойындарына салтанатты шығарып салу рәсімі өткен болатын. Бұл мерекелі іс-шарада біздің ту ұстаушымыз - шаңғышы Ердос Ахмадиев спортшылар атынан ант оқып, жеңіспен оралуға уәде берді.
      Негізі бұл ойындар 2015 жылы өтуі тиіс еді. Алайда, 2009 жылғы 3 шілдеде Сингапурде өткен Азия Олимпиадалық Кеңесінің (АОК) Бас Ассамблеясы оны  қысқы Олимпиада ойындары қарсаңындағы жылға ауыстыруға шешім қабылдады.          Қысқы Азия ойындары - Азия Олимпиадалық Кеңесінің мүшелері арасында өтетін қысқы спорт түрлерінің жарысы.
       Бұл жарыстардың тарихы мынадай: Жапонияның Олимпиада комитеті 1982 жылы Азия ойындарының қысқы нұсқасын ұйымдастыруды ұсынады. Олардың бұл бастамасы қолдау тауып, бірінші қысқы Азиада 1986 жылы Саппоро қаласы (1972 жылғы қысқы Олимпиада ойындарынан кейін қалада қажетті инфрақұрылым бар еді) өтті. Алғашқы Ойындарға бар-жоғы жеті елдің өкілдері қатысса да, кейіннен олардың саны артып, 2007 жылғы Ойындарда Азия Олимпиадалық Кеңесіне мүше 45 мемлекеттің 27-сі қатысты.              
     Бұған дейінгі Ойындардың 2011 жылы қаңтар-ақпанда Алматы мен Астана қалаларында өткенін тағы да еске саламыз. 
       Қазақстан аталған жарысқа алтыншы рет қатысқалы отыр. Біздің елдің қысқы спорт өкілдері тәуелсіз команда ретінде 1996 жылғы Харбиндегі (Қытай) «Ақ Азиадаға» алғаш рет қатысып, 14 алтынмен, 2-орынды иеленген болатын.                  Қазақстандықтар 1999 жылғы құрлықтық қысқы «Олимпиадада» 10 алтын медальмен, 3-орынға тұрақтады. Төрт жыл өткен соң, Қазақстан делегациясы Жапонияның Аомори қаласында жүлдегерлер қатарынан шығып қалып, 4-орынды иеленді. Қазақстандық спортшылар 2003 жылғы сәтсіздікті 2007 жылғы Қытайдың Чанту қаласында өткен VI Ойындарда да қайталады. Ал 2011 жылғы VIІ Ойындарда жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты. 
       Азия ойындары өткен барлық уақыт ішінде кешенді жарыстар төрт елде өтті. Олар: Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея және Қазақстан. Ойындар Жапонияда төрт рет, Қытайда екі мәрте және Корея мен Қазақстанда бір-бір рет жалауын желбіретті.  Осы өткен 7 Ойындарда Азияның 10 елінің өкілдері медальдар иеленді. Қысқы спорт түрлерінен мықты саналатын Жапония, Қытай, Қазақстан және Оңтүстік Кореядан басқа, Моңғолия, Иран, Қырғызстан, Ливан, Өзбекстан және КХДР спортшылары да жүлдегерлер қатарынан көрінген. 
        Барлық 7 Азиаданың тарихын зерделеп қарасақ, Жапония құрамасы ең көп медаль иеленді. Екінші орында - Қытай. Үшінші орында Қазақстан (69 алтын, 51 күміс, 44 қола, барлығы 164 медаль).
         Осылайша, жалпыкомандалық есепте біз медаль жағынан басты қарсыласымыз Оңтүстік Кореядан озып тұрмыз.  2017 жылғы Саппоро қаласында өтетін Ойындарда спорттың 11 түрінен 64 медаль жиынтығы сарапқа салынады.  Қазақстан делегациясы осы ойындарға кейбір спорт түрлері бойынша екінші құраммен барады. Оның себебі, біздің көшбасшыларымызда бұл уақытта бірқатар спорт түрлерінен Әлем чемпионаты, Әлем кубогының кезеңдері өтеді. Кейбір оза шабатын спортшыларымыз 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиададан (Алматы қаласы, 29 қаңтар-8 ақпан) кейін аз уақыт ішінде спорттық бабына келіп, толыққанды дайындыққа кірісе алмайды.  Соған қарамастан, біздің команданың құрамында Денис Тен, Элизабет Тұрсынбаева (мәнерлеп сырғанау), Роман Креч, Денис Кузин, Екатерина Айдова, Дмитрий Бабенко (бәрі - конькимен жүгіру спорты), Дмитрий Рейхард (фристайл-могул), Алина Райкова, Галина Вишневская (екеуі де - биатлон), Николай Чеботько (шаңғымен жүгіру), Айдар Бекжанов (шорт-трек), Марат Жапаров (шаңғымен тұғырдан секіру) сынды атақты спортшыларымыз бар. 
     Ашылу салтанатында ту ұстаушы, шаңғы жарысынан Қазақстанның 5 дүркін чемпионы Ердос Ахмадиев Қазақстан спорттық делегациясын бастап шығады. 2014 жылғы Сочидегі Олимпиадада да Ердос Қазақ елінің туын көтеріп шыққан еді.                    Жалпы Қазақстан құрама командасының осы ойындарда барлық 11 спорт түрі бойынша 116 спортшысы қатысады. Ел құрамасының жаттықтырушылар штабының Қазақстанның таяу арадағы резервін-ізбасарларын сынаққа салып, байқап көруге мүмкіндігі бар. Ал спортшыларымыз өздерінің құрлықтық ең ірі жарысқа қатысып, өз өнерлерін көрсетіп, нәтижелерін жақсартуға оңтайлы сәт туып тұр. Ендеше, спортшыларымызға жанкүйер болайық! 

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті