Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | Ғалия Қайдауылқызымен тағылымы мол кездесу өтті

04.05.2017

Ғалия Қайдауылқызымен тағылымы мол кездесу өтті

     

    Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде ҚР білім беру ісінің үздігі, «Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының» академигі, «Алтын арқау» мәдени-этнографиялық қоғамдық бірлестігінің төрайымы, этнограф, ақын, қаламгер-журналист Ғалия Қайдауылқызымен тағылымы мол кездесу өтті.

         «Мыңнан бір түйін» деген атпен өткен шара «Мәдени-тынығу жұмысы» мамандығының 4 курс студенті Жапарова Жұлдыздың ұйымдастыруымен өткізілді. Шараға оқу орны студенттері мен ұстаздары, жас ақын қыздар мен «Қыз Жібек» клубының мүшелері қатысты.

     

     «Бұл менің дипломдық жұмысым әрі «Тұлғатану» жобасы аясында өмірі жастарға үлгі жандармен кездесу ретінде өткізіп отырмын.  Ғалия Қайдауылқызымен бұл кездесуімізді өткізудің үлкен мәні бар. Қашанда бар білгенімен бөлісіп жүретін апайымыз Қыздар университетінің барша қыздарының жанашыры, бағыт берер бағдаршамы, ақылшысы, рухани апамыз. Кейінгі буын үлгі алатын тұлға, қазақ әйелдерінің эталоны, қоғамдық оқиғалардан қалыс қалмай, өз пікірін білдіріп отыратын қоғам қайраткері, сондай-ақ, этнограф-ғалым, қаламгер-журналист, ақын ретінде де ерекше құрметтейміз», дейді Ж.Жапарова.

     Жастарға үлгі болып, еліне қызмет етуден еш аянбай, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып келе жатқан  Ғалия  Қайдауылқызы «Киелі кимешек», «Жүректегі тәтті мұң», «1001 түйін», «Мыңнан бір түйін» кітаптарының авторы. Әр түрлі өзекті тақырыптарда бұқаралық ақпарат құралдары арқылы пікір қозғап, тұщымды ой түйіндейтін сөз зергері. Сонымен қатар, көптеген қалалық мәдени шаралардың сценарисі және қоюшы режиссері.

    Қаламгер-журналист 1951 жылы маусым айында Алматы облысы Нарынқол ауданы Қайнар  ауылында дүниеге келді. 5 жасынан мектеп табалдырығын аттаған. Орта мектепті бітіргеннен кейін  1968-1971 жылдары Кеген аудандық радиохабарлар тарату комитетінде жүргізуші-диктор, жергілікті халық театрының негізін қаласқан өнерпаз ретінде елге танылып, қаламгерлік, шығармашылық жолын  бастады. 1971-76 жылдары С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеттің журналистика факультетін тәмамдап, республикалық теле-радио комитетінде журналистік қызмет атқарды. 1985  жылдан бастап мектептен тыс тәрбие  жұмыстарына белсене атсалысып, республикалық деңгейде өткізілген көпшілік-мәдени шаралардың сценарисі әрі қоюшы режиссері  болды. 1990-2001 жылдары Қазақстан мұсылман әйелдері қоғамдық бірлестігінің негізін қалауға атсалысып, оның  көшбасшыларының қатарына енді. «Алтын Қазық» журналының Бас редакторы болды. Қазіргі таңда «Алтын арқау» мәдени-этнографиялық қоғамдық бірлестігінің төрайымы. Ғалия  Қайдауылқызы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздік қызметкері» (1995 ж.), Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен (2011 ж.), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен және «Тіл жанашыры» төсбелгісімен марапатталған.            

      Халқымыздың ұлы мұраты жолында аянбай еңбек етіп, ақыл-ой қуатын, жүрек отын еліміздің білімі, әдебиеті мен тілінің, мәдениеті мен өнерінің өсіп, өркендеуіне арнап, қоғамдық сананың жаңаруына, ұлттық идеяның салтанат құруына,  ұлттық рух туының биікте желбіреуіне, қазақ әйелдерінің мәртебесін көтеруге, мемлекеттігіміздің нығаюына үлес қосып келе жатқан Ғалия Қайдауылықызы кездесуде балалық, жастық шағы, туған жері, білім алған мектебі, қызмет жолы, студенттік кезеңіндегі қызыққа толы әңгімелерін айтып, өмірден көрген, түйгенімен сыр бөлісті. Негізгі әңгіме қыз тәрбиесі, қыз әдебі, отбасы, дін, тіл, салт-дәстүр тақырыптары аясында өрбіді.

     Қыз тәрбиесіне үлкен мән беретін қаламгер-журналист сырлы-сұхбатта ұлттық құндылықтарды, ұлттық болмысты сақтау, мықты отбасын құру, жақсы ана, инабатты келін атану, қыз тәрбиесіне қатысты ой-пайымдарын, ғибратты өнегесін айтып, ақыл-кеңес берді. Өз кезегінде жастар осы тақырыптар аясында қойған сұрақтарына тұщымды жауап алды.

      «Өмір деген Алланың сыйы. Тек қана алдыға ұмтылу керек. Жүрген жолдарыңда тек жақсылық жасаңдар. Жасай бер, жасай бер, жасай бер... Ол өзіңе қайтып келеді. Өмірде не нәрсе болса да қайтарымы болады. Әдеп деген-әдет. «Бір күнгі жаман әдетің, өзіңе болар жендетің», деп Абай аталарың айтып кеткендей жамандықтан аулақ болыңдар. Өз елі, өз Отанында оянған адам – ең бақытты адам. Бар асыл, бар бақытымыз, бар қазынамыз Отанымыз бар. Еліміздің амандығын тілеуден асқан біз үшін ешнәрсе жоқ. Дүние, мал жинау емес, еліме не істей аламын, халқымның бақытты болу үшін не із қалдырсам дегенді ойлау керек. Бізге жеткен, ата-бабадан қалған мұрамызды сақтап, аманат ету біздің парызымыз болуы керек», деп атап өткен Ғ.Қайдауылқызы жастарды Отанын сүюге, ел үшін қызмет етуге, жаман әдеттерден аулақ болуға шақырды.

      4 сыныптан бастап өлең жаза бастаған ақын кеш барысында студенттерге Отан, туған жеріне арнап жазған өлеңдерін оқып берді. Ақынның мектеп қабырғасында шығарған тундылары көбіне Отан, мектеп, ұстаз, ана, туған жер тақырыптарына арналған.

      Ғалия Қайдауылқызы 1989 жылдан бері Қыздар университетімен тығыз-қарым-қатынаста жұмыс істейді. Оқу орнының ірі мәдени шараларының сценариін жазып, әдемі өтуіне атсалысып келеді. «Мен үшін Қыздар университеті – киелі мекен. 1989 жылы алғаш рет Наурыз мерекесін ұйымдастырдым. Содан бері бірнеше басшы ауысты. Қаншама мың түлек ұшып шықты. Бұл шаңырақ мен үшін ыстық, туған үйімдей. Мұнда менің мың қызым бар. Өнегелі, өнерлі қыз көрсем қуанам. Өздеріңнен бақытты болашақты көремін. Сіздер ұлттың болашағысыздар. Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей. Қыз балалардың қазақта алар орны ерек», деді Ғ.Қайдауылқызы.  

        Ғибратты әңгімеге толы болған кездесуде жастар сегіз қырлы, бір сырлы қаламгер тұлғасымен танысып қане қоймай, өнеге болар өмір жолы мен шығармашылығы хақында көп мағлұматтар алып, кеш қонағының тағылымды әңгімесінен өмірлеріне серік болар мол азық ала алды.

       Кеш соңында Ғ.Қайдауылқызы:

 «Бал ара балын береді, шағатынын ұмытпа,

Ит соңыңнан ереді, қабатынын ұмытпа.

Ат шапсаң да көнеді, тебетінін ұмытпа,

Өмір бір-ақ рет келеді, соны бір ұмытпа!», деген сынды нақылмен нақышталған, ой салатын «Мыңнан бір түйін» кітабынан үзінділер оқып беріп, жан жүрегіндегі қазынасынан ақтарылды.   

      Өз кезегінде студенттер кездесудің мазмұнды өтіп, өздері үшін өте әсерлі болғандығын айтып, ризашылықтарын білдірді.

      Кешті жүргізген Маржан Ахтаева шара соңында кездесудің тақырыбы «Мыңнан бір түйін» атты Ғалия Қайдауылқызының кітабының атымен атауының сыры неде екендігін атап өтіп: «Бүгін рухани азық болар мол дүние алғандарыңызға сенімдіміз. Тәрбиелік мәні зор кеш болды. Естір құлақ, түсінер сана болса, бүгін талай мың дүние айтылды. Содан бір түйін жасасаңыздар, біздің мақсаттың орындалғаны», деп кешті түйіндеді.

         Кездесу соңында «Мәдени-тынығу жұмысы» кафедрасының меңгерушісі Дана Қарамолдаева университеттің тілеулесі Ғалия Қайдауылқызына алтын уақытын бөліп, сырлы әлемімен бөлісуге келгені үшін үлкен алғысын білдіріп, қазақы дәстүр бойынша сый-сыяпат жасады. Өз кезегінде ақын өз қолтаңбасы қойылған кітаптарын жастарға тарту етті.

       «Қыздар университеті» медиа орталығы

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті