Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

Басты бет | Жаңалықтар | Ақын Әсел Оспанның жинағы жарыққа шықты

23.05.2017

Ақын Әсел Оспанның жинағы жарыққа шықты

   

    Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде 19 мамыр күні Ғылыми кітапхана қызметкері, ақын Әсел Оспанның «Ұшқан ұя» атты жыр кітабының тұсаукесері өтті. Аталмыш кешке Қазақстан Жазушылар Одағы және «Қаламгер-Media» орталығының атқарушы директоры Жанарбек Әшімжан, сезімтал ақын Шәмшия Жұбатова, талантты актер Бекжан Тұрыс, ҚР Мәдениет қайраткері Нұржан Жанпейісов, сазгер, бард әнші Қадырғали Көбентай, ақындар Мақпал Мыса, Мұратхан Шоқан және жырсүйер қауым қатысты. Ақынның анасы мен туған-туысы кеш иесінің қуанышысын бөлісуге арнайы келген. 

     Кешті ұйымдастыруға ұйытқы болған Ғылыми кітапхана директоры Бақытжамал Бағашарова: «Бұл шығармашылық кешін киелі шаңырақ Қыздар университетінде өткізіп отырған себебіміз, Әсел Оспан нәзікжанды сыршыл ақын ғана емес, осы киелі орда Ғылыми кітапхананың белсенді қызметкері. Қарашаңырақ Қыздар университетінде ақын-жазушы болғысы келетін талапты да, дарынды, өнерге бейім жас қыздар оқиды. Оларға мұндай мәдени іс-шаралардың берер тәлім-тәрбиесі, үлгі-өнегесі мол. Қазақтың қаймағы бұзылмаған ауылды өлкелерінен келген бұрымдылары осындай шығармашылық ортаны іздейді, қалмауға тырысады. Бізде соңғы кезде кітап оқитын оқырман азайды дегенді көп айтады, негізі ол азайған жоқ. Тек оларды қызықтыра отырып, тарта білу қажет. Сол себептен осындай игі дәстүрді үнемі ұйымдастырып, оқырманмен жиі-жиі бас қосып отырған дұрыс», – деді.

    Аспантаудың қарлығашы Әсел Оспанның туған елінен небір дүлділ ақын-жазушылар, жыршы-жыраулар шыққаны дүйім жұртқа белгілі. Сондай текті өңірдің тұқымы, жаны нәзік, сезімтал қызы Әсел де жыр бәйгесінде бақ сынамақ. «Ұшқан ұя» – ақынның өлең өлкесіндегі тұңғыш жыр жинағы.  

      Жүрек қылын тербер жыр кешінің тізгінін  ақын, журналист Жанарбек Әшімжан ұстап, өлең-жырдан шашу шашып, жұтындыра жүргізді. Ақын Шәмшия Жұбатова, өнер тұлғалары Бекжан Тұрыс пен Қадырғали Көбентай ақынның сиясы кеппеген тұңғыш жыр жинағы «Ұшқан ұя» атты кітабының қызыл лентасын кесумен қатар, ізгі-лебіздерін білдіріп, өнерлерін ортаға салды. Ясондай-ақ, талантты әнші Нұржан Жанпейісов, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртісі Жасұлан Мұсағали, жас әнші Әліби Бекайдар сынды өнерпаздар домбырамен күмбірлете ән салып, керемет көңіл-күй сыйлап, кештің көркін қыздырды. Ал, Қыздар университетінің студенттері ақынның жырларынан құрылған композицияны орындады.

    Сөз алған ақындар Ш. Жұбатова, М. Шоқан жыр алыбындағы әріптесі Әсел Оспанның шығармашылығының поэзиялық қырына өзіндік баға беріп, «бұл бастамасы, алда әлі бағындырар биік белестер» тұрғанын айта отырып, сәт-сапар тіледі. Ал, жаңадан бүршік жарып келе жатқан жас жауқазындар Алтыншапақ Хаутай мен Ұлмекен Лесбекова арнау-жырларын тарту етті.

       

      Жыр кеші соңында сөз алған Ә. Оспан: «Бұл – менің бірінші туындым. Мұндағы жыр шумақтарымда адал көңілім мен пәк сезімім жатыр. Аталмыш еңбегімді әкем Бақыт Оспановтың рухына бағыштаймын. Қателігімді кешіріп, мерейімді үстемдетіп, менің жетістігіме жиналып отырған дүйім жұртқа алғысым шексіз. Ризамын», – деп толқи сөйлеп, маржан жырларын оқыды.

     Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Тұңғышым» деген бірінші жарыққа шыққан өлеңіне:

«...Не болар екем, япырай!

Қызбысың әлде ұлмысың?

Болмады тыныш көңіл жай,

Туғанша қашан тұңғышым», – дейтіні бар. Расымен, ақын Әсел Оспанның ең алғашқы жыр жинағының болмысы бөтен һәм оттай ыстық. Алда тағы да кітаптары өмірге келіп, қуантып жатар. Ал, мұның орны ересен бөлек болып қалатыны хақ. Поэзия әлемінде ұясынан ұшқан Ә. Оспанға қанатыңыз талмасын, бақ пен бап қатар шапсын деп, ақ жол тілейміз.

         Арай Жұмашқызы

Пікір қосу

Пікірлер

Бас демеуші

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанда және шетелдерде өтетін мәдени шаралардың бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы

Ұсынамыз

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ

ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Құттықтау, құтты болсын

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Барлық ұсыныстар

Мекен-жайы
050002, Алматы қаласы
Ш.Уәлиханов көшесі, 43 А
Тел/факс: +7 (727) 2739997, 2733244.

Web: www.qazaq-alemi.kz
Модератор: info@qazaq-alemi.kz
Қабылдау бөлімі: qabyldau@qazaq-alemi.kz

ЖОЛ КАРТАСЫ

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті