«ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ» АЛЛЕЯСЫ

25 сәуірде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Тәуелсіздігіміздің 30-жылдық құрметіне «Ұлы дала елі» аллеясын ашу шарасын Нұр-Сұлтан қаласы маңында ұйымдастырды.
Онда 30 жылдық құрметіне 30 ағаш отырғызылып, әр ағаш Тәуелсіздік жылдары мемлекетіміздің қалыптасып, нығая түсуіне еңбегі сіңген мемлекет, қоғам қайраткерлерінің есімімен аталды. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ағаш отырғызылды. Сонымен қатар, Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Халифа Алтай, Қалдарбек Найманбаев, Герольд Бельгер, Қабдеш Жұмаділов, Роза Бағланова, Мұстафа Өзтүрік, Айтан Нүсіпхан, Жағда Бабалықұлы, Зардықан Қинаятұлы сынды тұлғалардың атындағы ағаштар бой түзеді.
Аталған шараның басты мақсаты – Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын кеңінен паш ету. Бір ұлт, көп этнос болып, ынтымақтастық пен ауызбіршіліктің арқасында жеткен жетістігімізді айшықтай айтып, біртұтас халықтық сипатымызды әйгілей түсу.
«Ұлы Дала елі», «Мәңгілік ел» ұғымдары ұлттық мақсат-мұраттарымызбен үндес. Қазақ даласы тарих сахнасында «Ұлы Дала елі» деген атаумен танылғандықтан, аллея да «Ұлы дала елі» атанды.
Елдегі індеттің ушығып тұрғандығынан шара көпшіліктің қатысуынсыз жүргізілді. Көгалдандыру, жасыл желек отырғызу ісі Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қызметкерлері мен екі-үш қоғам қайраткерлерінің атсалысуымен жүзеге асты.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ