Қандастарға арналған агроқалашық салу жұмысы басталды

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қандастарға арнап агроқалашық салу жобасы жүзеге асу кезеңіне өтті. Жоба Ақмола облысы, Аршалы ауданында жүзеге асып жатыр. Қазірге дейін геодезиялық зерттеулер негізінде жер телімдерінің шекаралары анықталып, оларды нақтылау жұмыстары жүргізілді, жолдар мен басқа да инженерлік желілер салуға белгілер қойылды. Ал үйлердің құрылысы 15 мамырда басталды. Жоспар бойынша, алдағы күзде агроқалашықтағы алғашқы үйлер бой көтеріп үлгереді.
Ақмола облысының Аршалы ауданында 196 гектар жер сатып алынып, Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдіктерінің тиісті құрылымдарымен 1282 (бір мың екі жүз сексен екі) коттедж салуға келісілді. Жердің иелері – ЭКСПО-2017 көрмесінің бұрынғы құрылысшылары, негізінен оңтүстік облыстардан келген және елдің солтүстік аймақтарында қалуға, тұруға және жұмыс істеуге ниет білдірген қандастар.
Көптен күткен тарихи сәт сәрсенбінің сәтіне сай келіп, ағайын жапа-тармағай үйлердің ірге тасын қалауға кірісіп кетті. Белдерін бекем буған қандастар қолға күрек алып, арқа-жарқа болып жүр. Борпылдаған қара топырақ еш қиындық туындатпай, алғашқы күннен бастап ақ жұмыс жандана түсті. Бұйыртса осы қарқынмен күзге қарай бірнеше үйлер даяр болып, қоныс тойы да алыс емес сияқты.
Болашақта мұндай агроқалашықтарды Павлодар, Жамбыл, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында салу жоспарлануда.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ