ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАНЫҢ КҮТІМІ елге сын

2021 жылғы 22 маусымда «Nur Otan» партиясы жанындағы «Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өткен болатын.

Күн тәртібінде «Nur Otan» партиясы Сайлауалды бағдарламасын іске асырудың Жол картасында айқындалған Ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу арқылы тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау, сонымен қатар мәдениет объектілерін салу және жөндеу бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар туралы өзекті мәселелер қаралды.

Кеңеске Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, уәкілетті министрліктер мен мекемелердің басшылары, сарапшылар, кеңес мүшелері қатысқан еді.

Сол жолы Кеңес мүшесі ретінде жиналыста сөз алған Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары               З.Қ. Тұрысбеков сырт мемлекеттердегі киелі орындар туралы төмендегідей ұсынысын білдірген болатын. Олар:

– Қазақ елінің ұлттық тарихи-мәдени мұрасы болып табылатын, 2009 жылы Өзбекстан Республикасы, Навои облысы, Нұрата қаласындағы бой көтерген Әйтеке би мен әулие Сейітқұл баба кешенін сақтау және көрнекі деңгейде ұстау мақсатында реставрация жұмыстарын жүргізу;

– 2009 жылы күрделі жөндеуден өткен Ташкент қаласындағы Төле би бабамыздың кесенесін реставрациялау;

– 2012 жылы салынған Ресей Федерациясының Астрахань облысы Кіші Арал ауылындағы Бөкей хан мен Сейіт баба мемориалды кешеніне реставрация жасау мүмкіндіктерін қарастыру туралы еді.

Алайда, аталған кеңес мүшелері бұл объектілердің сырт мемлекетте екенін айтып, оған бюджет қаражатын жұмсауға мүмкіндік жоқ екенін көлденең тартты. Әйткенмен З.Қ. Тұрысбеков қазақ халқы мен тарихына қатысты киелі орындардың тек Қазақстанға тиесілілігін және оларды жаңғыртып, көрнекті деңгейде ұстап отыру – ұрпағына сын екенін ескертті.

Кезінде Зауытбек Қауысбекұлы Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі болып қызмет атқарып жүргенінде қазақ халқының көрнекті тұлғалары Төле би мен Әйтеке биге мемлекет қаржысын жұмсамай, елін сүйетін, киелі орындарды қастерлейтін жүректі азаматтардың басын қосып, солардың жұмыла атсалысуымен кесене тұрғызғаны көпшілік тарапынан кеңінен қолдау тапқан.

Кейін Ресей Федерациясында елші болғанында дәл осы әдіспен Бөкей ханның басын көтерді. Бүгінде киелі орындарға айналған бұл тарихи-мәдени кешендердің көрнекті деңгейде тұрғанын жөн санайды.

Ұсыныстың құндылығын және өзектілігін басшылыққа алып, Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан тарихына қатысы бар шетелдегі тарихи-мәдени мұралар нысандарының белгілі бір тізімін (30-дан астам) әзірледі. Сол бойынша объектілерге прогрессивті түрде бақылау және талдау жұмыстары жүргізіліп, қортындысында оларды реставрациялап, көрнекті деңгейде ұстау үшін Үкіметке бюджеттен қаржы бөлуге ұсыныс түсірді. Ұсыныс қолдау тауып, республикалық бюджеттен қаражат қарастырылды.

Енді,  тарихи-мәдени мұра объектілері орналасқан елдермен жеке-жеке келісім жасалып, сосын киелі орындарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Жалпы, «Nur Otan» партиясы саяси платформасы арқылы ұлттық құндылықтардың оңынан шешімін табуы, табанды жұмыстың көрінісі деп есептеуге болады.

 

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының  баспасөз қызметі

 

 

1 комментарий

ПІКІР ҚАЛДЫРУ