Ыстамбұлдағы қазақтардың Кіші құрылтайы

Кеше  Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Түркия мемлекетінің Ыстанбұл қаласында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Жаһандану өркениетіндегі қазақ әлемі» атты Кіші құрылтайы болып өтті.

Алыстағы ағайынның алқалы мәжілісі басталмас бұрын жергілікті билік өкілдері мен Кіші құрылтай делегаттары және қала тұрғындары екі бауырлас халық – түрік пен қазаққа ортақ тұлға – Мұстафа Өзтүріктің атындағы саябақтың ашылу салтанатына қатысты.

Онда Ыстамбұл қаласының 800 мың халқы бар Бағжылар ауданының әкімі Локман Чағырыжы, Қазақстан Республикасының Ыстанбұлдағы Бас консулы Әлім Байел, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірініші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков мырзалар сөз сөйлеп, даңқты спортшының ескерткіш тақтасы орнатылған жаңа саябақтың лентасын кесті.

Саябақтың ашылуына М. Өзтүріктің қарындасы Перихан мен Германияда тұратын қызы Неслихан қатысты.

К. Топбаш атындағы Халық сарайында өз жұмысын бастаған Кіші құрылтай жұмысына Түркиядағы және оған таяу Еуропа елдерінен қазақ диаспора өкілдері шақырылған еді. Алқалы жиында екі жүзге жуық ағайындар алқақотан отырды.

Құрылтайдың қорытындысында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қандастардың Үндеуі қабылданды.  Сондай-ақ, бірқатар қатысушылар Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары З.Қ. Тұрысбековтың бұйрығымен «Кіші құрылтай» төсбелгісімен марапатталды.

Мәжіліс соңында Анадолыға келген қазақтардың тарихын баяндайтын «Алыстағы ағайын» фильмі көрсетілді.

Құрылтай аясында диаспораның жастары үшін  Қазақстандық Жоғарғы оқу орындарының «Білім көрмесі» ұйымдастырылды. Онда Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті, Халықаралық Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті өкілдері аталған оқу орны жөніндегі ақпараттық таныстырылымдар жасап, сырттағы жастарды шетелдіктерге бөлінетін квота шеңберінде оқуға шақырды.

Бұдан әрі қарайғы шараның легі Бағжылар аудандық мәдениет орталығында жалғасты. Онда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Алтын тамырлы Атажұрт» көрмесі ашылып, қала тұрғындары мен қандастардың көзайымына айналды. Дәл осы жерде Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі гала-концертін берді.

Сөйтіп, қазақтардың «Жаһандану өркениетіндегі қазақ әлемі» атты Кіші құрылтай жұмысын аяқтады. Құрылтайда Жамбыл облысының өкілдері Мұстафа Өзтүрік атындағы шараға атсалысса,  Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Алтын тамырлы Атажұрт» жетістіктер көрмесін Ақмола облысы әкелді. Ал, Тәттімбет атындағы оркестрдің концертін Қарағанды облысы ұйымдастырды.

Кіші құрылтай «Шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 18  мамырдағы №280 қаулысына сәйкес, жыл сайын әр  түрлі елдерде өтіп отырады. Келесі жылы Нұр-Сұлтан қаласында Дүниежүзі қазақтарының Ұлы құрылтайы жоспарда тұр. «Бармасаң, келмесең – жат боласың» дейтін қазақ халқы үшін Құрылтайдың жөні бөлек. Ағайынның арасы алыстамасын.

 

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы

«Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы

Қазақстан Республикасының Ыстанбұлдағы Бас консулдығы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ